Жаңалықтар

19 сәуір 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Алматыда ашылған VI Еуразиялық медиа форум жұмысына қатысты.

- Еуразияның кіндігіндегі Алматыда әлемдік деңгейдегі қоғамдық ой-сана өкілдері мен майталман журналистердің жиналғандарына қуаныштымын. Жаһандық көкейкесті мәселелерді ортаға салып, оларды бірлесіп талқылап, ортақ шешімге келу үшін Сіздердің осылайша бас қосуларыңыз игі дәстүрге жалғасуда. Біздің бұл форумның маңызы қазір жалпақ жұртқа аян. Сіздер үш күн бойы осы жерде талқыға салып, көтеретін мәселелер барлық елдер мен өңірлер үшін аса маңызды болмақ. Өйткені біздің бәріміз де әлемдік басты проблемалардың төркіні мен оларды шешу жолдарына берілетін ортақ та үйлесімді бағаға зәру екеніміз белгілі, - деді Нұрсұлтан Назарбаев форумға қатысушылар мен қонақтарға арнаған сөзінде.


Қазақстан Президенті өз сөзінде әлемді өзара тәуелділікке жетелеп келе жатқан қазіргі жағдайда халықаралық қарым-қатынастар мен халықаралық қауіпсіздік жүйесін алға бастыратын әлемдік саясат пен жаһандық тетіктерді шоғырландыру қажеттігінің уақыты келгенін атап өтті.


Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық саясаттың жаһандық бәсекелестік бағытынан жаһандық жауапкершілік бағытына өтудің маңыздылығын, көпполярлық ұғымын қайта қарау қажеттігін, қарама-қайшы модельдерден үзілді-кесілді бас тартуға және сенім мен стратегиялық үнқатысу режимін белсенді түрде қалыптастыруға, осы заманғы халықаралық қарым-қатынастарды элитарлықтан эгалитарлық сипатқа көшіру қажеттігін атап өтті.


Қазақстан Президенті әлемдік қоғамдастықта «жаһандық парасаттылық» және «жан-жақты жауапкершілік» қағидаттарын ұстануға шақырды.


- Біздің еліміз әлемде тұңғыш рет ядролық қаруды сынақтан өткізетін ірі полигонды жапты, ядролық қарудан өз еркімен бас тартты және осы арқылы қаруды таратпау жүйесінің іргесін бекітті. Ядролық қарудан бас тарту арқылы ядролық державалардың кепілдігін алу Қазақстанның әлем алдындағы жаһандық жауапкершілік ұғымына негізделген стратегиялық ұстанымы еді. Біз басқа елдерді де біздің өнегемізді қабылдауға шақырамыз. Және бірінші кезекте біз бұл үндеуімізді ядролық қаруды иеленуге құлшынып жатқан елдерге арнаймыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Президент Қазақстанның өңірлік жауапкершілігі тақырыбын жаңаша негіздей отырып, біздің еліміз өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға және халықаралық лаңкестік, діни экстремизм, есірткі тасымалы және заңсыз көші-қонға сенімді кедергі болатын “экономикалық сәттілік белдеуін” құруға бағытталған саясатты жалғастыра беретінін атап өтті.


Нұрсұлтан Назарбаев негізгі ықпал ету кіндіктерінің бәрімен әріптестік қарым-қатынас орнатуға негізделген қазақстандық көпвекторлы сыртқы саясат көп кіндіктілікті жаңа айқындамалық тұрғыдан түсінуге бағытталғанын атап айтты.


Мемлекет басшысы елде ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қалыптастыру мен нығайту жөніндегі Қазақстанның құнды тәжірибесін айрықша атап өтті.


- Біз сенім мен үнқатысу қағидатын шынайы әрі іс жүзінде өзіміздің ішкі саясатымыз бен халықаралық бастамаларымыздың өзегі етіп алдық. Еліміздің басты ерекшелігінің өзі де көп ұлттылығы мен көпконфессиялығында. Қазақстан атты шаңырақта бір отбасының мүшелеріндей 130 халық пен 40-тан астам конфессияның өкілдері өмір сүріп жатыр.


Аталған тәжірибені тарату мақсатында Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІ съезі және Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес секілді бірегей халықаралық форумдарды өткізу жөнінде бастама көтерді.


Мемлекет басшысы сондай-ақ Иран төңірегіндегі геосаяси ахуалға қатысты Қазақстанның ұстанымын айқындап берді.


- Иран сияқты елмен күш қолдану арқылы текетіреске түсудің күллі әлемге зиянды салдары бар деген сенімдемін. Біздің тату көршіміз Иран тек бейбіт атом энергетикасы саласында зерттеумен шұғылданып жатқанына күллі дүниені кәміл сендіреді деп үміттенеміз. Мұны біздің аймақтағы және, сенімдімін, барша әлемнің халықтары күтуде, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар