Жаңалықтар

19 сәуір 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда VI Еуразиялық медиа форумының қатысушыларымен және меймандарымен бірқатар екі жақты кездесулер өткізді.

Иран Ислам Республикасының экс-президенті Мохаммад Хатамимен кездесуде Иран төңірегінде қалыптасқан ахуал туралы пікір алмасулар болды. Тараптар оның бейбіт жолмен шешілетініне үміт білдірді. Н.Назарбаев және мейман кезінде М.Хатами қолдаған «Өркениеттер диалогы» бастамасының бүгінгі күнде де өзекті болып отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстанның бұл идеяны іс жүзіне асыратынын айта келіп, Мохаммад Хатамиді әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің келесі съезіне қатысуға шақырды.


Кездесу кезінде сондай-ақ Каспийдің құқықтық мәртебесі мәселесі әңгіме болды.


Мемлекет басшысы Ресей Федерациясы сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Евгений Примаковты қабылдады. Кездесу кезінде Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономикалық ынтымақтастығының мәселелері талқыланды.


Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның бас хатшысы Марк Перрэн де Бришамбомен кездесу барысында Қазақстан мен ЕҚЫҰ-ның ынтымақтастығын кеңейту мәселесі талқыланды.


– Өздеріңізге мәлім, Президент Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастығын нығайтуды және Қазақстанның Ұйымның барлық үдерістеріне қатысуын белсене қолдайды. Біз Қазақстанның Сыртқы істер министрімен Венада болатын кездесуді тағатсыздана күтудеміз. Онда ол ЕҚЫҰ-ның барлық қағидаттарына сәйкестік саласындағы Қазақстанның жетістіктері туралы айтып береді. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер бұл прогресті өте жоғары бағалайтынына сенімдімін, – деді ол.


Қазақстан Президенті АҚШ-тың Азия қоғамдастығының төрағасы Ричард Холбрукты қабылдады. Кездесу барысында халықаралық қатынастардың қазіргі жай-күйі, өңірлік және жаһандық қауіпсіздік мәселелері талқыланды.


– Президент әлемдік көптеген мәселелер жөніндегі өз көзқарасын ортаға салды. Халықаралық қатынастар мәселесі бойынша Американың өз көзқарасы бар екендігі тұрғысынан бізге ең ықпалды өңірлік көшбасшының, Қазақстан Президенті осындай көшбасшы болып табылады, ұстанымын білу өте маңызды.


Сіздердің елдеріңіздің 1994 жылы аса қуатты ядролық арсеналдан бас тартқандығы жөніндегі жәйт қазіргі уақытта көптеген елдер үлгі алуға тиіс өнеге болып табылады, – деді журналистерге арналған брифингте Р.Холбрук.


Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы Николай Бордюжамен кездесу кезінде ҰҚШҰ-ны дамыту, ұжымдық қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ ТМД-ны реформалау мәселелері талқыланды.


– Мен Президентке Мәскеуде үстіміздегі жылдың шілдесінде болатын Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына әзірлік барысы туралы баяндап бердім. Біз сондай-ақ Қырғызстандағы ахуалды және Өзбекстанның ҰҚШҰ-ға мүшелігін қалпына келтіру мәселесін талқыладық, – деді кездесуден кейін Н.Бордюжа.


Қазақстан Президенті Америка кәсіпкерлігі институтының ғылыми қызметкері Ричард Перлді қабылдады.


– Біз Қазақстан-Америка ынтымақтастығының мәселелерін талқыладық, ол қазір стратегиялық әріптестік формасына көшіп отыр және осы бағытта дамуын жалғастыра беретіні сөзсіз.


Біз сондай-ақ қырғи-қабақ соғыс кезінен бері келе жатқан мәселені талқыладық – бұл Джексон-Вэник түзетуі. Заңдық тұрғыдан Джексон-Вэник түзетуін Қазақстанға қатысты қолдануға болмайтынын атап көрсеткім келеді. Мен ресми мәлімдеме жасай алмаймын, алайда осы түзетуді әзірлеуге тікелей қатысқан адам ретінде АҚШ Президентіне, Мемхатшыға және Американың Қазақстандағы елшісіне хат жазып, онда осы ұстанымды баяндап беремін, – деді Р.Перл.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар