Жаңалықтар

26 мамыр 2008
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада бірқатар жұмыс кездесулерін өткізді.

Елбасы Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықовты қабылдады.


Әкім Президентке облыстың әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы баяндады.


Жаңажол газ өңдеу зауытының үшінші кезегі пайдалануға берілгеннен кейін 1,5 миллиард кубометр газ кәсіпорын мен облыс тұрғындарының қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталып отыр. Ағымдағы жылдың күзінде «Солтүстік Қазақстан – Ақтөбе облысы» ЭТЖ іске қосылып, соның арқасында облыс электр энергиясын елдің энергия көздері мол солтүстік өңірінен ала бастайды.


Сондай-ақ облыста индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 51 нысан іске қосылмақ, оның алтауы «Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшысы» бағдарламасына енген. Алдағы уақытта төрт тау-кен байыту комбинатының, үш газ-турбина электр стансасының, электр металлургиялық зауытының құрылысы салынады деп жоспарлануда.


Мемлекет басшысы Ақтөбе облысындағы индустриялық жобалардың жүзеге асырылуына оң баға берді.


Мемлекет басшысы сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевты қабылдады. Министр әлеуметтік қамтамасыз ету және қазақстандықтардың еңбек құқықтарын қорғау саласындағы Президент тапсырмаларының жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. Министр қазіргі кезде министрлік, жұмыс берушілер мен еңбек ұжымдары арасында құны 37 миллиардтан астам теңгені құрайтын 800-ден астам әлеуметтік әріптестік туралы меморандумдарға қол қойылғанын атап өтті.


Сондай-ақ кездесу барысында көші-қон және кәсіби кадрлар даярлау мәселелері талқыланды.


Президент сондай-ақ Ақордада елорданың 10 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындық мәселелері жөніндегі жұмыс кеңесін өткізді.


Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов Мемлекет басшысына бірқатар нысандар құрылысының барысы туралы, қаланы абаттандыру мен безендіру жайы және мерейтойлық шаралар бағдарламасы туралы баяндады.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар