Жаңалықтар

29 ақпан 2012
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық қорын басқару жөніндегі Кеңестің отырысы болып өтті.

Отырыс барысында Ұлттық қорды одан әрі дамытудың және басқару тиімділігін арттырудың өзекті мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы дағдарыс кезінде Ұлттық қордың қаржысы елдегі дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін пайдаланылғанын атап өтті. Ұлттық қорды қалыптастыру мәселелері және бюджетке қаражат аудару тәртібінің тиісті тәртібі мен құқықтық шешімдер қабылданған болатын.

Президент Үкімет Ұлттық қорды пайдаланбастан бюджеттің қажетті шығыстарын толық қамтамасыз етуге қол жеткізе алмағанына тоқталып өтті. Оған мемлекеттің елеулі әлеуметтік міндеттемелері мен төлемдері себеп болды.

- Біздің тапқанымыз жеткіліксіз. Біздің индустрияландыру, шикізаттық емес экономиканы дамыту жөніндегі жұмысымыз біздің шикізаттық ресурстарымыздың экспортынан келіп түсетін ақшаны және Ұлттық қорды пайдаланбастан, бюджетті өзге тәсілмен жабу үшін қаражат алуға бағытталған. Ұлттық қорды еліміздің дамуы үшін, соның ішінде қордан кредит ала отырып, біздің елімізден тысқары емес, ішімізде ақша табу үшін пайдалануымыз керек. Менің халыққа Жолдауымда мемлекетті одан әрі дамыту және әлеуметтік жаңарту жөнінде алға қойылған міндеттерді орындау нақты шығынды талап етеді. Осы үшін Ұлттық қор құрылды. Қордың белгілі бір бөлігі келешек ұрпақ үшін, белгілі бір бөлігі – транферт үшін, бүгінгі экономиканы дамытуға арналған. Келешекте Қазақстан үшін қажетті темір жол тәрізді ірі нысандар, ел орталығындағы газ құбыры, қолжетімді тұрғын үй мәселесі, жұмыспен қамту бағдарламасы бюджеттік қаражаттан басқа сондай-ақ жүзеге асыру үшін қосымша қаржыландыруды талап етеді. Жолдау халық арасында үлкен қызығушылық тудырды және бізден көп нәрсені күтеді, ал біз оны орындауға міндеттіміз, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Отырыста 2012-2013 жылдарға арналған республикалық бюджеттегі кепілдендірілген трансфертті 15 пайызға (180 млрд. теңге) арттыру бөлігіндегі Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасына өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралды.

Ұлттық қордан трансфертті ұлғайту және дағдарысқа қарсы қаржыны қайта пайдалану туралы шешім Мемлекет басшысының 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында айтылған инвестициялық жобаларды қосымша қаржыландыру қажеттілігіне байланысты қабылданған болатын.

Сондай-ақ отырыс барысында дағдарысқа қарсы бағдарламаларды іске асыру үшін бөлінген қаржыны қайта пайдалану және Ұлттық қордан «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ үшін облигациялық займ беру мәселесі талқыланды.

Ұлттық қордан «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ үшін жалпы сомасы 4 млрд. АҚШ доллары көлемінде облигациялық займ беру туралы шешім Қашаған жобасын қолдау аясында қабылданды. «Қазмұнайгаз» АҚ қаржыландыруды екі транш бойынша 2013 және 2015 жылдары жүзеге асыру жоспарлануда.

Отырыстың қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар