National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Елбасы Конституциялық Кеңеске барды

2014 жылғы 30 тамыз

 

Іс-шара мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орайластырылды.

Мемлекет басшысы осынау маңызды жайтпен барша қазақстандықтарды және Конституциялық Кеңес мүшелерін құттықтап, еліміздің барлық жетістіктері мемлекетіміз бен қоғам дамуының стратегиялық бағыттарын айқындаған Ата заңның рухында жүзеге асып келе жатқанын атап өтті.

–  Конституция қабылданған күннен бергі барлық жылдарда мемлекет қызметі соған сәйкес жүргізіліп келеді. Біздің елде заңдар соның негізінде қабылданады. Осы Конституцияның жасалуының басы-қасында болып, оның баптарының жазылуына тікелей атсалысқан Мемлекет басшысы ретінде Негізгі Заңның сақталуына деген айрықша жауапкершілікті сезінемін, – деді  Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын ел Конституциясы қорғайтынын атап өтті.

– Оған елдегі саяси тұрақтылық, адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарының мызғымастығы туралы тезистер негіз болып саналады. Осының барлығы бұдан әрі даму үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыруға септігін тигізе отырып, алдағы уақытта да сақталуға тиіс. Келесі жылы Қазақстан Конституцияның  20 жылдығын атап өтетін болады. Ол әлемдік қоғамдастықта халықаралық стандарттардың барлық талаптарына сай келетін және демократиялық қоғам жағдайында нақты қолданылатын құжат ретінде мойындалды, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан  Назарбаев ел азаматтарының, әсіресе жастардың Конституция ережелерін жақсы білуі тиістігіне назар аударды.

– Негізгі заң бүкілхалықтық дауыс берудің нәтижесінде абсолюттік көпшілік арқылы бекітілді. Бұл – халық пен Қазақстан билігінің арасындағы нағыз шарт. Әрбір адам тікелей ықпалы бар Конституцияға сүйене отырып, өз құқығын батыл қорғап, өз өкілеттіктерін тиімді жүзеге асыра алады.  Барлық қазақстандықтар құқығының теңдігі арқасында біздің республикамызда тұрақтылық пен татулық салтанат құрып, еліміз табыстарға жетуде, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Конституцияның зор мүмкіндікке ие екенін айтты.

– Біз Негізгі заңда қойылған міндеттерді бәрін бірдей орындаған жоқпыз. Барлық мемлекеттік қызметшілердің, қоғамдық институттардың назарын Конституцияны мүлтіксіз сақтау мәселесіне аударғым келеді. Оның ережелерін түсіндіруді, нормаларын құрметтеуге үйретуді мектеп қабырғасынан бастап ыждағаттылықпен жүйе түрде айналысқан жөн. Халқымыздың құқықтық санасын, азаматтылығы мен отаншылдығын арттыру маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

  Кездесу барысында Негізгі заңның әлеуетін тиімді жүзеге асыру мәселелері жөнінде пікір алмасылып, Конституциялық Кеңес мүшелері елімізде конституциялық заңдылық тәртібін нығайту турасындағы идеялары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Конституциялық кеңес төрағасы И.Рогов жұмыс барысы туралы баяндады және Мемлекет басшысына Конституциялық Кеңеске мамандандырылған мемлекеттік конституциялық бақылау органы ретінде ұдайы көңіл бөліп отырғаны үшін алғысын айтты.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің