Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

6 мамыр 2018
Қазақстан Президенті халық әртісі Юрий Померанцевті қабылдады
Алматы қаласы

Мемлекет басшысы Алматыдағы резиденциясында өткен кездесу барысында Юрий Померанцевтің Қазақстанның әлеуметтік-гуманитарлық дамуына зор үлес қосқанын атап өтіп, оны 95 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.

– Сіздің өмір жолыңыздың өзі – үлкен ерлік. Сіз үш жүзден аса драмалық рөлдерді сомдап, он екі фильмге түскеніңіз өз алдына, Ұлы Отан соғысына қатысқан адамсыз. Отандық драматургия мен киноның барша жұрт мойындаған шебері әрі өнер майталманы ретінде, Сіз тамаша әртістер шоғырын тәрбиелеп шығардыңыз, педагогикалық қызметіңізді әлі де жалғастырып келесіз. Сіздің ұзақ өмір сүруіңіздің сыры тынымсыз еңбек етуіңізге байланысты болып отыр, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Ю.Померанцевке «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары дәрежелі ерекшелік белгісін табыс етіп, оның Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың және «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, ІІ дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», «Отан» ордендерінің кавалері және басқа да көптеген медальдардың иегері екенін атап өтті.

– Сіздің өнегелі өміріңіз бен белсенді қоғамдық қызметіңізді, Қазақстанның мәдениетін дамытуға қосқан зор үлесіңізді көрермендеріңіз бен өнеріңізге бас иетін бірнеше ұрпақ жақсы біледі. Соны ескеріп, Сізге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру жөніндегі жарлыққа қол қойдым, – деді Мемлекет басшысы.

Ю.Померанцев Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдіріп, мұндай жетістіктерге көп жылғы әрі қажырлы еңбектің арқасында жеткенін атап өтті.

– Ең жоғары марапатты иеленген соң, оны қалай ақтаймын деп ойлап отырмын. Еңбек – менің бүкіл ғұмырым, тіршілігімнің мәні. Туған Қазақстаныма қызмет ете беремін, – деді халық әртісі.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар