Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

31 мамыр 2019
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңес төрағасы Дональд Тускпен жүргізген келіссөз қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін брифинг өткізді

Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келгені үшін Еуропалық кеңес төрағасына ризашылық білдіріп, сапардың Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнімен тұспа-тұс келгенінің символдық мәні барын айтты.

– Еуропалық кеңестің қабылдаған жаңа стратегиясы мен сіздің сапарыңыз Орталық Азия елдерінің саяси-экономикалық орнықты және қауіпсіз дамуы үшін еуропалық тараптың мүдделі екенінің дәлелі, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Тусктің сапары Нұр-Сұлтан мен Брюссель арасындағы диалогқа тың серпін беретінін атап өтті.

– Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде Еуропалық одақпен «екінші буын» келісіміне қол қойған бірінші ел болды. Бұл біздің байланыстарымыздың берік екенін көрсетеді. Біз Еуропа елдерінің бәрімен стратегиялық, серіктестік қатынастарымызды нығайтуға белсенді атсалысамыз. Қазақстанның «Еуропаға жол» бағдарламасы мен Еуропалық одақтың Орталық Азияға арналған стратегиясы әртүрлі саладағы табысты іс-қимылдарымыздың үлгісі болып табылады. Осы жетістіктерді ескере отырып, Еуропалық одақпен ынтымақтастығымыздың келешегі жақсы болатынына сенімдіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Дональд Туск жылы қабылдағаны және Нұр-Сұлтанға ресми сапармен алғаш келуге мүмкіндік туғызғаны үшін Қазақстан Президентіне ризашылық білдірді.

– Еуропалық одақ Орталық Азиямен серіктестікті тереңдету үшін өз стратегиясын айқындады. Қазақстан – өңірдегі Еуропалық одақтың негізгі серіктесі. Елдеріңіз Батыс пен Шығыстың, Ресей мен Оңтүстік Азияның арасындағы көпір болып саналады. Еуропалық одақ – Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі. Қазақстанмен серіктестікті және ынтымақтастықты кеңейту туралы келісімді Еуропалық одақ елдері жуырда ратификациялайды. Біз оны жүзеге асыруды бастадық, – деді Еуропалық кеңестің төрағасы.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Туск журналистерге келіссөз барысында жаһандық және өңірлік мәселелер жөнінде, сондай-ақ, энергетика, көлік және цифрлық коммуникация салалары бойынша екіжақты ынтымақтастықты тереңдету туралы кең көлемде жемісті пікір алмасқанын айтты. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар
Барлық баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар